Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты

10.11.20250 просмотров
Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты

10 қарашада Талғар ауданы сотында айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты.

Істің мән-жайы

Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау. Онымен қатар тағы бес адам айыпталушылар қатарында отыр. Істе екі жәбірленуші бар — ММА файтері және жаттықтырушы Арман Әлімов пен кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.

Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған болатын.

Хасан Қасымбаевтың соттағы соңғы сөзі

Хасан Қасымбаев өзіне қатысты іс қолдан жасалғанын және тек жәбірленушінің сөзіне негізделгенін айтты. Оның пікірінше, тергеу мен сот барысында Қылмыстық-процестік кодекстің көптеген нормасы бұзылған.

"Бұл істі көпшілікті тыныштандыру үшін қолдан жасады. Кінәлі адамды көрсету керек болды, сол рөлге мені таңдады. Кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Барлығы тек жәбірленуші Әлімовтың сөзіне негізделген, ол есірткіге тәуелді және бұрын сотталған", – деді Қасымбаев.

Сондай-ақ, ол өзін Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс пен "Әлімовтың жалған айғақтары" үшін соттап жатқанын айтты.

"Мені Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс үшін, қоғамды тыныштандыру мақсатында соттап жатыр. Тағы бір себебі - Әлімовтың жалған сөздері. Барлық айып тек оның айтқандарына сүйенген, ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай мен заң алдында тазамын. Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, мені қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраймын", – деді айыпталушы.

Қасымбаевтың айтуынша, дәл жәбірленуші Әлімов оны "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп жалған ақпарат таратқан.


Хасан Қасымбаев
Қазақстан